Үкімет отырысында жасанды интеллект әкімге ақыл берді
12:25 24.12.2024 (жаңартылды: 12:26 24.12.2024)
© Sputnik / Стрингер Sputnik / Санат ИмангалиевAstanaHub ғимаратындағы бүгінгі үкімет отырысы

© Sputnik / Стрингер Sputnik / Санат Имангалиев
Жазылу
Алдағы уақытта жасанды интеллект әрбір әкімнің электронды поштасына өз ақыл-кеңесін жіберіп отырады
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Бүгін үкімет отырысы кезінде жасанды интеллект аудан әкіміне ақыл-кеңес шығарып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Отырыста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова азаматтардың әлеуметтік жағдайын жасанды интеллект арқылы бақылау шараларын таныстырды. Цифрлық жүйе ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұратын отбасылардың нақты санын да көрсетті.
"Жасанды интеллект азаматтардың әлеуметтік жағдайын бақылап қана қоймай, әкімдерге нақты проблемалармен жұмыс істеу керектігін көрсетеді. Мәселен, Риддер қаласында отбасылардың басым бөлігі міндетті зейнетақы жарналарын аудармайды. Бұл дегеніміз, жұмыссыздықтың деңгейі жоғары немесе көбісі ресми түрде тіркелмей істейді. Әкімге дәл осы мәселемен шұғылдану керек ", - деді Жақыпова.
Бірақ үкімет басшысы Олжас Бектенов күдіктеніп қалды. “Бұны арғы жағында сіздердің қызметкерлеріңіз енгізіп жатқан жоқ па?”, - деп сұрады ол. Сосын облыс пен ауданды өзі таңдады. Сол кезде жасанды интеллект Қарағанды облысының Осакаров ауданы әкіміне нақты қандай проблемамен жұмыс істеу қажеттігін көрсетіп берді. Бектенов жаңа жүйенің тиімділігіне сенді.
"Міне, Осакаров ауданы әкімі, жасанды интеллект сіздерге әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылармен қалай жұмыс істеу керектігін көрсетіп отыр. Ондай ақыл-кеңестерді апта сайын барлық әкімге жіберіп отыру керек. Сонда олар өз проблемасын көріп отырады. Бұл - жасанды интеллекттің пайдасы. Иә, барлық мәліметті қолма-қол енгізуге болады. Бірақ жасанды интеллект бәрін жылдамдатып отыр, қаншама ресурс мер уақытты үнемдейді", - деді премьер-министр.
Алдағы уақытта жасанды интеллект әрбір әкімнің электронды поштасына өз ақыл-кеңесін жіберіп отырады.